30.09.2017
15:04
189

"ҚАШАҒАНДЫ ЛАҢКЕСТІК ШАБУЫЛДАН ҚОРҒАУҒА ТИІСПІЗ"

Каспий теңізінде лаңкестік операциялардың жасалуына ешқандай алғышарт жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасында теңіз жедел штабын құруды көздейді. Бүгінгі күні жұмыс істейтін барлық штабтар Қазақстанның жер үсті аумағын ғана қамтиды. Теңіз кеңістігінде  штаб жоқ. Сондықтан да заңнамалық тұрғыда теңізде лаңкестікке қарсы іс-шараларды жүргізу мүмкіншілігін бекіткіміз келеді. Ол үшін біз шекара қызметімізге,  оның біздің департаменттегі өкіліне жергілікті жерлерде сәйкесінше  штаб құра отырып, лаңкестікке қарсы  әрекет етуіне құзірет бермекпіз», - деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары бүгін Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысында «Лаңкестікке қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын таныстырғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асыруда. Қажеттілік туындаған жағдайда оған өзге құқық қорғау органдар мен  Қарулы күштер де жұмылдырылып келеді.

«Каспий теңізінде лаңкестік операцияның жасалуына ешқандай алғышарт жоқ. Дегенмен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде жерүсті және жер үстіндегі емес нысандарды қорғау үшін барлық шараларды қабылдауымыз қажет.  Бізде теңізде кен орындар өте көп. Мәселен, Қашаған бар. Ол лаңкестік шабуылға әлсіз нысан және оны қорғауға тиіспіз», - деді Ерғожин.

Оның атап өтуінше, заң жобасын осы жылдың 1 қарашасында Парламент қарауына енгізу жоспарланып отыр. Заң жобасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енде деп күтілуде


Дереккөз: kazislam.kz