04.09.2017
17:25
227

ӨЗБЕКСТАНДА МЫҢДАҒАН АДАМДЫ «ҚАРА ТІЗІМНЕН» ШЫҒАРҒАН

Өзбекстанда 16 мыңға жуық адам діни-экстремистік ағым мүшелері ретінде тұрған «қара тізімнен» шығарылған. Бұл туралы «Өзбекстан 24» телеарнасына сілтеме жасап Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады. 

Мұндай мәлімет қыркүйектің 1-і күні ел президенті Шавкат Мирзияевтің Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы жетекшілігі, жергілікті белсенділер мен мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен Ташкенттегі Хазрати Имам (Хастимам) кешенінде өткен кездесуде айтылған. Аталған кешенде Ислам өркениеті орталығы құрылмақшы. 

«Біз білместігі мен өмірлік тәжірибесінің жоқтығынан деструктивті идеялар мен ағымдардың жетегіне еріп, тура жолдан адасқандардың дұрыс өмірге оралуына үлкен мән береміз. Біз егер ондай адамдарды «жаман» санап, пейіл бөлмей, көмек қолын созбайтын болсақ, онда олар қоғамнан аласталған күйінде қалады деген өмір ақиқатын ешқашан ұмытпауға тиіспіз», деп мәлімдеген президент Мирзияев. 

Биылғы шілденің соңында Озодлик Өзбекстанда құрамына жергілікті әкімшілік пен құқық органдары өкілдері енген топтар биліктің бақылауындағы адамдардың үйлерін аралап, олармен «әңгіме өткізгеннен» кейін төрт мыңнан аса мұсылман Өзбекстан күштік құрылымдардың «қара тізімінен» шығарылғаны туралы хабарлаған болатын.